ҚАЕУ Президенті республикалық олимпиада жүлдегеріне білім грантын табыстады
Қазақстан-Американдық еркін университетінің президенті, ҚР ҰҒА академигі Е.А. Мамбетқазиев республикалық олимпиада жүлдегеріне 6В01706 «Қазақ тілі мен әдебиеті» (IP) білім беру бағдарламасы бойынша оқу грантын табыстады.
Грант иегері – Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейі» КММ оқушысы Секенова Аружан. Ол көрнекті педагог, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері.
Аталған олимпиада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы тарапынан Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылып, қазақ тілі мен әдебиетін терең меңгерген дарынды оқушыларды анықтауға және қолдауға бағытталған.








