ҚАЕУ студенті суға батып бара жатқан баланы құтқарды

Қазақстан-Американдық еркін университетінің «Психология» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Омарханов Ерасыл Үлбі өзенінде батып бара жатқан баланы құтқарды. 2025 жылғы 13 мамырда Өскеменде жолаушыларды да, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды да бей-жай қалдырмайтын жағдай орын алды.

Бес жасар бала әпкесімен бірге су жағасында серуендеп жүргенде, ол артқа шегініп, өзенге құлайды. Жылдам ағын баланы алып кете бастады. Ерасыл жақын жерде болған, бірден жағдайды түсініп, суға секіреді. Оның  батылдығы мен сабырлылығы баланың өмірін сақтап қалуға көмектесті.

Ерасылдың өзі бұл әрекетін  ерлік деп санамайды:

«Менің орнымда  кім болса да осылай істейтін еді», — дейді ол. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды мұқият болуға және балаларды әсіресе судың жанында қараусыз қалдырмауға шақырады.