Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жоба аясындағы шетелдік ісcапары
2026 жылдың ақпан айында қазақстандық ғалымдар – PhD докторы, Қазақстан-Американдық еркін университетінің «Бизнес» кафедрасының аға оқытушысы Айгерім Абаевна Рахметулина, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жібек Берлібековна Рахметулина, PhD докторы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры Тана Абылайхановна Абылайханова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын «Адам капиталын басқару, цифрлық экономиканың дамуы жағдайында еңбек ресурстарының сапасын арттыру» атты ғылыми жобаны іске асыру аясында шетелдік ғылыми іссапарға қатысты.
Іссапардың мақсаты – Лондон қаласында (Ұлыбритания) цифрлық дағдылар мен құзыреттерді қалыптастырудағы британдық тәжірибені, сондай-ақ жоғары және кәсіптік білім беру жүйесінде цифрлық және онлайн-оқытуды дамыту тетіктерін зерделеу болды. Сапар барысында қазақстандық ғалымдар жетекші жоғары оқу орындарында, соның ішінде University College London және Coventry University London университеттерінде болып, шетелдік сарапшылармен кездесулер өткізді.
Coventry University London Менеджмент мектебінің персоналды басқару және ұйымдық мінез-құлық кафедрасының профессоры, доктор Ольга Кретумен кездесу ерекше маңызға ие болды. Кәсіби диалог барысында адам капиталын дамыту, заманауи құзыреттерді қалыптастыру, білім беру үдерісіне зерттеушілік тәсілдерді енгізу, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Шетелдік тәжірибе білім беру бағдарламаларын цифрлық экономика мен еңбек нарығының қажеттіліктерімен ықпалдастырудың маңыздылығын көрсетті.
Іссапар аясында ғалымдар далалық зерттеулер жүргізіп, Лондон қаласының ғылыми кітапханаларында, соның ішінде университеттік және қоғамдық кітапханаларда болып, талдамалық және статистикалық материалдарды жинақтады, халықаралық жарияланымдар мен цифрлық құзыреттерді дамытудағы үздік тәжірибелерді зерделеді.
Шетелдік ғылыми миссияның қорытындысы бойынша кадрларды даярлау сапасын арттыруға және білім беру жүйесін цифрлық экономиканың талаптарына бейімдеуге бағытталған білім беру экожүйелерінің цифрлық кеңістікпен өзара іс-қимылының ұйымдастырушылық тетігін әзірлеу жоспарлануда.
Мұндай халықаралық ғылыми қызмет академиялық ұтқырлықты дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық шетелдік тәжірибені Қазақстанның білім беру және ғылыми практикасына енгізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл отандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

