Башкент университетіндегі семинар

2025 жылғы 21 қазанда Қазақстан-Американдық еркін университетінің аға оқытушы-зерттеушісі Тургумбаева Нурсулу Қайырдинқызы Башкент университетінде тағылымдамадан өту аясында Анкара қаласында семинар өткізді.

Семинар тақырыбы – «Жастар тіліндегі эмоциялық синтаксис: коммуникативтік-прагматикалық аспект». Оқытушы қатысушыларды тіл біліміндегі жаңа бағыттың ерекшеліктерімен таныстырып, зерттеу тақырыбын таңдаудағы тәжірибесімен бөлісті.

Семинарға түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, оқытушылар мен Башкент университетінің студенттері қатысты. Қонақ ретінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері мен жас зерттеушілері шақырылды. Дәрістен кейін қатысушылар арасында тақырып бойынша талқылау өтті.

Іс-шара соңында Тургумбаева Н.Қ. Башкент университетінің студенттері арасында сауалнама жүргізіп, докторлық диссертациясына қажетті алғашқы эмпирикалық деректерді жинады.

Мұндай шаралар тек тіл саласындағы зерттеулердің дамуына ғана емес, сонымен қатар екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы серіктестікті нығайтуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді.