«Әдептілік бірыңғай сағаты» акциясы
2024 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстан-Американдық еркін университетінде әділдік, академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған «Әдептілік сағаты» жалпыреспубликалық акциясы өтті.
Іс-шараны университет басшылығы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері ашты. Шығыс Қазақстан облысы Департаментінің бірінші басшысы, генерал-майор Денис Владимирович Шакенов және ҚАЕУ Президенті Ережеп Әлхайырұлы Мәмбетқазиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің негізгі қағидаттарын белгілеп, қатысушылар мен студенттерді қарсы алды. Іс — шара барысында әдептілік – қазақстандық қоғамда, әсіресе студент жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырудың маңызды элементі екендігі атап өтілді. Заңнама нормалары мен академиялық адалдықты сақтауға шақыру, сөз сөйлеулердің басты тақырыбы болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің офицері Гүлнұр Бекбаева баяндама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі ережелері туралы айтты. Сондай-ақ, ҚАЕУ комплаенс-офицері Ермек Жүніспеков бірінші курс студенттерін академиялық саясатпен және академиялық адалдық кодексімен таныстырды.
Іс-шара соңында жоғары курс студенттері университеттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларға қатысу тәжірибесімен бөлісті. Студенттерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дайындаған тақырыптық бейнеролик көрсетілді.
Ұйымдастырушылар студенттердің болашақ кәсіби және жеке табысының негізі болатын оқу кезеңінде адалдық пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.