«Өрлеу»-мен ынтымақтастықта біліктілікті арттырудың бірлескен курстарын әзірлеу

2023 жылғы 2 наурызда Қазақстан-Американдық еркін университеті мен «Өрлеу» «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Шығыс Қазақстан облысы бойынша кәсіптік даму институты» филиалы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Кездесуге «Өрлеу «БАҰО» АҚ филиалының директоры Гаухар Сайлаубекқызы Жұманова, филиал директорының орынбасары Бақыт Дәуітбекұлы Дәуітбеков, ҚАЕУ президенті, ҚР ҰҒА академигі Е.Ә. Мәмбетқазиев, ҚАЕУ бірінші вице-президенті Ж.Е. Байкенов, Ю.В. Новицкая, С. М. Абилов, Нестеренко Н. А. қатысты.

Кездесуге қатысушылар бірлескен қызметтің перспективалық бағыттарына қатысты бірқатар мәселелерді, соның ішінде ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған бірлескен біліктілікті арттыру курсын әзірлеу мен іске асыруды талқылады. Мұндай бірлескен жобаның мақсаты мектеп пен ЖОО арасындағы байланысты нығайту, ағылшын тілі мұғалімдерінің үнемі кәсіби жетілуіне мүмкіндік беру, өңірде ағылшын тілін сапалы оқыту үшін жағдай жасау болады.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін кездесуге қатысушылар ынтымақтастық өзара тиімді сипатқа ие болатынына, ал тараптардың күш-жігерін шоғырландыру өңірдегі шет тілді білім беру сапасын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Жұртшылықпен байланыс орталығы