Өскеменде жастар арасындағы өзекті мәселелер талқыланды
Өскеменде Қазақстан-Американдық еркін университетінде ШҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Болатұлымен кездесу өтті.
Жиында жастар арасындағы белең ала бастаған өзекті мәселелер жайды айтылып, оның алдын алу жолдары талқыланды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қазіргі қоғамда жастар арасында есірткіге, құмар ойындарға әуестік пен жеңіл жолмен ақша табу сынды мәселелер өршіп тұр. Әсіресе оңай олжаға кенелемін деп сан соғып, өмірін құрбан еткен жастар аз емес. Жыл басынан бері есірткі тасымалдаймын деп құрықталған жастардың барлығы дерлік он жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жастарға түсіндіру жұмыстары да жиі ұйымдастырылады. Қазақстан-Американдық еркін университетінде өткен жиында аталмыш тақырып кеңінен талқыланып, студенттерге оның соңы неге әкеліп соғатыны ескертілді.
– Оңай олжаға кенеліп, материалдық жағдайын жақсартқысы келетіндер есірткі тасымалдаймыз деп құрыққа ілігуде. Оның соңы еш жақсылыққа апармайтынын толық түсінбегеннен болар. Сол себепті бүгінгі кездесуде қамауға алынған жастардың өмірі туралы видеолар көрсетіп, жастарды одан аулақ болуға шақырдық. Сонымен қатар құмарлық ойындарға берілгендер мен алаяқтық жасағандар туралы да мәліметтер бердік.
Ерлан Болатұлы
Кездесу барысында құзырлы орган өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеген студенттер марапатталып, грамоталар табысталды.
Айта кетелік, шара барысында студенттерге Қазақстан Республикасындағы ішкі істер органдарының қалыптасуынан бастап нысанды киім-кешек, қару-жарақ пен оқ-дәрілер және қазіргі заманғы қару-жарақ пен арнайы құралдар көрмесі ұйымдастырылды.
Көзі – ALTAYNEWS