ҚАЕУ-де комплаенс-офицерлерге арналған семинар-тренинг өтті
2025 жылғы 19 наурызда Қазақстан-Американдық еркін университетінде білім беру және денсаулық сақтау салаларын қоса алғанда, Шығыс Қазақстан облысының квазимемлекеттік секторының комплаенс-офицерлеріне арналған семинар-тренинг өтті. Іс-шараны ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырды.
Семинар аясында комплаенс-офицерлерге нормативтік-құқықтық құжаттармен жұмыс істеуде әдістемелік көмек көрсетілді. Спикерлер қатысушыларды адалдыққа, парасаттылыққа, шындық пен әділдікке сүйене отырып, сыбайлас жемқорлықпен бірлесіп күресуге шақырды.
Корпоративтік мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды қалыптастыру саласында ҚАЕУ «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Искендерова Фатима Велибековна комплаенс-офицерлер үшін психологиялық тренинг өткізді.
Семинардың әдістемелік алаңында мекемелерде комплаенс-офицерлердің жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ құжаттама бойынша есептерді уақтылы тапсыру мәселелері талқыланды. Тәжірибелі мамандар өз білімдері мен жетістіктерін әріптестерімен бөлісті.
Семинар соңында қатысушылар жаңадан тағайындалған комплаенс-офицерлерге табыс тілеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
























