Студенттердің тәжірибеші тергеушілермен кездесуі

2026 жылғы 24 ақпанда Өскемен қаласының Полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен «Құқықтану», «Құқық және құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламаларының 2 курс студенттері үшін кәсіптік бағдар беру кездесуі өтті.

Білім алушылар алдында Өскемен қаласы Полиция басқармасының Үлбі полиция бөлімінің тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты Р.М.Маратов (Қазақстан-Американдық еркін университетінің 2023 жылғы түлегі), сондай-ақ сол бөлімшенің тергеушісі, полиция лейтенанты Е.Е.Төлебаев сөз сөйледі.

Кездесу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері студенттерге тергеушінің кәсіби қызметінің ерекшеліктері, қылмыстық істерді тергеу ерекшеліктері, ішкі істер органдарына қызметке кіретін  үміткерлерге қойылатын талаптар, сондай-ақ құқық қорғау қызметін өткеру шарттары, мансаптық  келешек және әлеуметтік кепілдіктер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Кәсіби этика, тергеушінің жауапкершілігі және болашақ заңгерлерді даярлаудағы  тәжірибелік дағдылардың маңыздылығы мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Студенттер тақырыпқа жоғары қызығушылық танытты, жұмысқа орналасу тәртібі, тағылымдамалар, кәсіби өсу мүмкіндіктері және тергеу бөлімшелерінің қызметіндегі заманауи сын-қатерлер туралы белсенді сұрақтар қойды. Кездесу соңында қонақтар болашақ мамандарға оқуда табыс тілеп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау үшін сапалы құқықтық дайындықтың маңыздылығын атап өтті.

Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасы