«Толық адам» тұжырымдамасы: құндылық пен азаматтық жауапкершілік

 2026 жылғы 25 қарашада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Құқықтану» және «Құқық және құқық қорғау қызметі» мамандықтарының 1-курс ТжКБ студенттері арасында «Толық адам және қазіргі қоғам: құндылық пен жауапкершілік» тақырыбында тәрбиелік-танымдық іс-шара өткізілді.

 Іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасы негізінде студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтарын, құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілігін арттыру және тәуелсіз елдің болашағына жауапты тұлға тәрбиелеу.

 Іс-шара барысында Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» қағидасы негізінде адамгершілік, әділеттілік, адалдық, ар-ождан және жауапкершілік құндылықтарының қазіргі қоғамдағы маңызы қарастырылды. Ұлттық тәрбие мен құқықтық мәдениеттің сабақтастығына, тұлғаның қоғам алдындағы міндеттері мен құқықтық мінез-құлқына ерекше назар аударылды.

 Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында тәуелсіздікті сақтау мен құқықтық мемлекетті нығайту әрбір азаматтың саналы ұстанымы мен жауапкершілігіне байланысты екендігі атап өтілді.

 Аталған іс-шара болашақ заңгерлер мен құқық қорғау саласы мамандарының бойында заңға құрмет, әділеттілік, отансүйгіштік және кәсіби жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталды.

 Тәуелсіз елдің тірегі – құқықтық санасы жоғары, рухани кемелденген, әділетті әрі жауапты азамат!

 Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасы