XIV Халықаралық саясаттанушылар жазғы мектебі
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің базасында «Қазақстанның мемлекеттік басқару және азаматтық қоғам институттарының құқықтық және демократиялық мемлекеттің қалыптасуындағы рөлі» атты XIV Халықаралық саясаттанушылар жазғы мектебі өтті. Мектеп жұмысына құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Савелий Александрович Мужчиль қатысты.
Саясаттанушылардың Халықаралық жазғы мектебі – посткеңестік елдердегі саяси өзгерістерді талқылайтын жыл сайынғы іс-шара. Мектептің мақсаты – Қазақстанда саяси білім беруді дамыту, саясаттану және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытушыларының біліктілігін арттыру, отандық саяси ғылымның сараптамалық маңыздылығын нығайту.
Қатысушылар үшін саясаттану ғылымының өзекті тақырыптарына арналған дәрістер, дөңгелек үстелдер мен семинарлардың мазмұнды бағдарламасы дайындалды. Тыңдаушылар алдында жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар сөз сөйледі: Бразилияның саяси зерттеулер Қауымдастығының (AВСР) президенті, Минас-Жерайс федералды университетінің (UFMG) профессоры Бруно Пиньейро Вандерлей Рейс; Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігінің нәтижелерге қол жеткізу Кеңсесінің басшысы Азиза Умарова; тәуелсіз зерттеуші, «Грузияның дамуы мен ілгерілеуі үшін Халықаралық қоғамдастықтың» президенті Зураб Бежанишвили; РФ СІМ ММХҚИ саяси теория кафедрасының профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Кирилл Коктыш және басқалары.
Басқарма төрағасының орынбасары – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры, заң ғылымдарының докторы Еркін Дүйсенов атап өткендей, Жазғы мектеп пәнаралық талдау, халықаралық тәжірибе алмасу және инновациялық шешімдер әзірлеу үшін мүмкіндіктер жасайды, өз елінің болашағына ықпал ете алатын жауапты көшбасшылардың, зерттеушілер мен сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыру кеңістігіне айналады.
Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасы
