«Журналистика» білім беру бағдарламасы
Сұранысқа ие мамандықтардың қатарында бүгінде 6В03201 – «Журналистика» білім беру бағдарламасы алдыңғы қатарда тұр. Бұл бағдарлама Қазақстан-Американдық еркін университетінің «Педагогика және психология» кафедрасы аясында жүзеге асырылып келеді. Заманауи талаптарға сай жасалған бұл бағдарлама білім алушыларға тек теориялық білім ғана емес, практикалық дағдыларды да меңгеруге мүмкіндік береді.
ҚАЕУ өзінің даму стратегиясында білім сапасын арттырумен қатар, Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және ғылыми дамуына үлес қосатын жоғары білікті мамандар даярлауды басты мақсат етіп қойған. Университет өз білім алушыларын, ата-аналарды, жұмыс берушілерді және жалпы жұртшылықты оқу процесінің мазмұны мен нәтижелері туралы үнемі ақпараттандырып отырады.
Бағдарламаның маңызды артықшылықтарының бірі – халықаралық серіктестік пен академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері. Мысалы, Сәрсеков Берік Польшадағы Вроцлав университетінде және Түркиядағы Бюлент Эджевит университетінде білім алды. Сонымен қатар, ҚАЕУ мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасындағы серіктестік те нәтижелі жұмыс істеуде – бұл оқу орнында Медельбекова Жібек академиялық семестр өткізді.
Оқу үдерісі білім алушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған. ҚАЕУ жанындағы телестудия мен медиахаб алаңы – тележурналистика мен радиожурналистика саласында тәжірибе жинақтайтын негізгі орталықтар. Бұл жерде студенттер түсірілім, монтаж, бейнематериал дайындау жұмыстарын игереді. Сонымен қатар, медиа құқық пен этика бойынша тренингтер, медиа сарапшылармен кездесулер де студенттер үшін құнды тәжірибе болуда.
Білім алушылар еліміздің танымал журналистерімен кездесіп, тікелей кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие. Мәселен, «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаевпен және АҚШ Елшілігінің шағын гранты аясында Дэниел Бесединмен өткен кездесулер студенттердің кәсіби бағдарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
«Журналистика» – бұл тек мамандық емес, қоғам мен халық арасындағы байланысты қамтамасыз ететін рухани миссия. Осы бағытта ҚАЕУ «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған танымдық іс-шара өткізіп, студенттер мен оқытушылар арасында отандық журналистикаға деген қызығушылықты арттырды.
Университет дуалды оқыту жүйесін және кең тәжірибе базасын қалыптастырған. Студенттер Өскемендегі «Қазақстан» РТРК» АҚ ШҚО филиалында, «ALTAI» телеарнасында, «Шығыс Жаңалықтары», «Дидар», «Менің өлкем» газеттерінде және өңірлік БАҚ ұйымдарында тәжірибеден өтеді.
Бағдарлама сапасы студенттердің жетістіктерімен дәлелденеді. ҚАЕУ-дің 30 жылдық мерейтойына арналған байқауда «үздік 30 білім алушының» қатарынан аталмыш мамандық бойынша Болатханова Мадина, Оразалықызы Балауса, Қорғау Диляра және Шалабаева Аймарал үздік деп танылды.
Цифрлық дәуірде медиа саласындағы белсенділік те ерекше рөл атқарады. Журналистика бағдарламасының студенттері мен оқытушыларының бастамасымен жүргізіліп жатқан @kafu.journalists.kz және @baqlike атты Instagram парақшалары мен «ВКонтакте» желісіндегі топ – болашақ журналистер үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. Бұл желілік платформаларда студенттер жаңалықтарды жариялап, бейнематериалдар, фото-контенттер мен авторлық жобаларын ұсынады. Олар журналистік стильді меңгеріп, мультимедиалық контент жасауда тәжірибе жинақтайды.
Бұл бастамалар студенттердің өзіндік бренд қалыптастыруына, қоғаммен байланыс орнатуына және қазіргі заманғы медиа талаптарына бейімделуіне мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, 6В03201 – «Журналистика» білім беру бағдарламасы – бұл сапалы білім мен шығармашылық мүмкіндіктер ұсынатын заманауи бағыт. Бағдарлама кәсіби тұрғыдан дамыған, жауапкершілікті сезінетін, бәсекеге қабілетті журналистерді даярлауға бағытталған.




