ҚАЕУ студенттері сот қызметкерлеріне практикалық көмек көрсетті

2026 жылғы 9 қыркүйекте «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қазақстан-Американдық еркін университетінің Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының «Құқықтану» және «Құқық және құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламаларының 3-курс студенттері Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына барды.

Іс-шара барысында студенттер сот мұрағатының қызметкерлеріне практикалық көмек көрсетті. Болашақ заңгерлер қылмыстық істерді мұрағат бөлмесіне тасымалдау, оларды тиісті орындарына орналастыру және мұрағат материалдарын жүйелеу жұмыстарына атсалысты.

Студенттер өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен әрі ұқыптылықпен орындап, ұйымшылдық пен еңбекқорлық танытты және алған білімдерін практикалық қызметте қолдануға дайын екендерін көрсетті.

Сот өкілдері студенттерге көрсеткен көмегі, жұмысқа жауапкершілікпен қарағаны және еңбекқорлығы үшін ризашылығын білдірді.

Мұндай іс-шаралар болашақ заңгерлерді кәсіби даярлауда маңызды практикалық мәнге ие. Олар студенттерге сот органдары қызметінің ұйымдастырылуымен, сот ісін жүргізу және мұрағат жұмысының ерекшеліктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріп, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға және болашақ мамандығына жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.

Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасы