«Қазақ тілін оқытудағы жасанды интеллект: жаңа тәсілдер, құралдар мен сын-қатерлер» семинар-практикумы
2025 жылғы 12 қарашада «Цифрлық әлемдегі білім беруді гуманизациялау: халықаралық серіктестіктің кәсіби және этикалық бағдарлары» атты Халықаралық ғылыми конгресс аясында Қазақстан-Американдық еркін университетінің Педагогика және психология кафедрасы «Қазақ тілін оқытудағы жасанды интеллект: жаңа тәсілдер, құралдар мен сын-қатерлер» атты семинар-практикум ұйымдастырды. Іс-шараны өткізген – магистр, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты, ҚАЕУ аға оқытушы-зерттеушісі Тургумбаева Нұрсұлу Қадырдықызы.
Семинардың басты мақсаты – қазақ тілін оқытуда жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын тиімді пайдалану жолдарын көрсету, мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру және оқу үдерісінде шығармашылық пен сыни ойлауды дамытуға жағдай жасау болды.
Практикум барысында қатысушылар ЖИ құралдарының төрт негізгі түрімен танысты:
- Мәтін өндіру: ChatGPT, Gemini, Claude секілді генеративті ЖИ платформалары;
- Мәтінді талдау және грамматикалық тексеру: Grammarly, LanguageTool;
- Дыбысты мәтінге айналдыру: Google Voice Typing, Whisper, KZtts бот;
- Сурет пен инфографика жасау: Canva AI, DALL·E, Microsoft Designer.
Осы құралдарды тиімді пайдалану оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға, оқу мазмұнын даралауға және оқу үдерісін жандандыруға ықпал ететіні нақты мысалдар арқылы көрсетілді. Сондай-ақ, семинардың практикалық тұстарын ассистент рөліндегі белсенді студенттер Шалабаева Аймарал мен Қорғау Дильяра интерактив пен графика өндіретін құралдармен таныстыра отырып толықтырды. Ал Серік Аяулым «Ғылыми зерттеу әдістері» пәнінен зерттеп жүрген тақырыбы аясында «Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра ала ма?» деген сұрақты ашатын постер қорғады.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар ЖИ технологияларын педагогикалық практикада пайдаланудың мүмкіндіктері мен шектеулерін талқылап, заманауи оқыту үдерісінде ЖИ-мен жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді.









