ҚАЕУ-де тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы іс бойынша үлгілік сот отырысы өтті

2026 жылғы 14 қазанда «Заң мен тәртіп» бағдарламасын іске асыру, тәжірибеге бағытталған оқыту және құқықтық ағарту аясында «Құқықтану» білім беру бағдарламасы студенттерінің қатысуымен сахналандырылған сот отырысы өтті.

Сот отырысында тапсырыс беруші мен жеке кәсіпкер арасындағы жиһазды дайындау, жеткізу және құрастыру сапасына қатысты азаматтық іс қаралды.

Істің мән-жайы:

Тапсырыс беруші орнатылған жиһаз жиынтығының қасбеттерінен өндірістік ақаулар және аспалы шкафтарды монтаждау кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталғаннан кейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінді. Орындаушы мердігерлік шарт бойынша қалған берешекті өндіріп алу туралы қарсы талап қойды. Сот отырысы барысында сарапшылардың қорытындылары тыңдалып, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өкілінің ұстанымы қаралды.

Сахналандырылған сот отырысы студенттерге азаматтық процестің ерекшеліктерін, дәлелдемелерді зерттеу және бағалау тәртібін, сарапшылардың рөлін, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы тәжірибеде қолдану ерекшеліктерін көрнекі түрде зерделеуге мүмкіндік берді.

Осындай іс-шаралар болашақ заңгерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң мен құқықтық тәртіп қағидаттарына құрметпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.

Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасы