ҚАЕУ-де «Толық адам – ұлттық тәрбиенің негізі» тақырыбында танымдық-тәрбиелік іс-шара өтті

2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан-Американдық еркін университетінде «Құқықтану» және «Құқық және құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламаларының 1-курс студенттерінің қатысуымен «Толық адам – ұлттық тәрбиенің негізі» тақырыбында танымдық-тәрбиелік іс-шара өтті.

Іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасы негізінде білім алушылардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, адамгершілік қасиеттерін дамыту, құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру.

Іс-шара барысында студенттер Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» қағидасын басшылыққа ала отырып, ұлттық тәрбие мен құқықтық нормалардың өзара байланысын талқылады.

Интерактивті ойындар мен проблемалық жағдаяттарды талдау барысында білім алушылар құқық нормасының негізгі элементтері – гипотеза, диспозиция және санкцияны анықтап, оларды адамгершілік құндылықтармен байланыстырды.

Сонымен қатар қатысушылар әділеттілік, адалдық, ар-ождан, жауапкершілік және үлкенді құрметтеу мәселелері бойынша өз көзқарастарын білдіріп, пікір алмасты.

Танымдық-тәрбиелік іс-шара ұлттық тәрбие мен құқықтық мәдениетті ұштастырудың маңыздылығын көрсетіп, студенттердің рухани-адамгершілік дамуына, құқықтық ойлау қабілетін жетілдіруге және жауапкершілігі жоғары, саналы тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті.