ҚАЕУ студенттері өнер сайысында топ жарды

ҚАЕУ студенттері өнер сайысында топ жарды 1

Мамыр айының шуақты күндерімен қатар келген мәдени іс-шаралар легі Шығыс Қазақстанда жастардың шығармашылық думанына ұласты. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Достық толқынында – 2026» атты облыстық фестивальде Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенттері айрықша өнер көрсетіп, биік белестерді бағындырды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Биылғы фестивальдің басты жаңалығы мен көркі ҚАЕУ намысын қорғаған «One Sense» және «Vortex» би ұжымдары болды. Студенттер сахнада тек би қимылдарын ғана емес, нағыз кәсіби шеберлік пен ерекше стильді ұштастыра білді.

Ұжымдардың әрбір қимылы үйлесім тауып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жастардың сахнадағы еркіндігі мен креативті шешімдері қазылар алқасының жоғары бағасын алды.

Іс-шараның салтанатты бөлімінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, жастардың қоғамдық-мәдени өмірдегі рөліне тоқталды.

Жастар – мемлекетіміздің қозғаушы күші, ал олардың шығармашылық ізденістері – ел бірлігі мен мәдениетінің берік іргетасы. Бүгінгі «Достық толқынында» фестивалі тек өнер сайысы емес, бұл – достықтың, береке мен бірліктің мерекесі. Мәдени өмірге белсене араласып, өңіріміздің атын шығарып жүрген талантты жастарымызға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің жетістіктеріңіз – біздің ортақ мақтанышымыз! – деді өңір басшысы.

Фестиваль қорытындысы бойынша ҚАЕУ студенттері өздерінің еңбекқорлығы мен өнерге деген құштарлығының арқасында бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды. Бұл жеңіс университеттегі тәрбие жұмысы мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жемісті жұмысын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Аймарал Шалабаева

Дереккөз: minut.kz