ҚАЕУ-де салық салу жүйесіндегі заңдылық пен тәртіп туралы қонақ дәрісі өтті

2026 жылғы 10 қарашада Қазақстан-Американдық еркін университетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Салық салу жүйесінде заң мен тәртіп қағидатын іске асыру» тақырыбында қонақ дәрісі өтті.

Спикер ретінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті талдау және тәуекелдер басқармасының бас маманы Кенжехатов Еділ Дидарұлы сөз сөйледі.

Дәріс барысында Қазақстан Республикасының салық жүйесіндегі заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері, салық төлеушілердің құқықтары мен міндеттері, салық тәртібін сақтау және салық тәуекелдерін басқару ерекшеліктері қарастырылды.

Спикер салық заңнамасын бұзудың алдын алуға, азаматтардың салық мәдениетін қалыптастыруға және салық міндеттемелерін уақтылы орындаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, білім алушылар мемлекеттік кірістер органдары қызметінің негізгі бағыттарымен және салық заңнамасын қолданудың  тәжірибелік аспектілерімен танысты.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, салықтық әкімшілендіру саласында тікелей жұмыс істейтін маманнан түсініктеме ала алды.

Мұндай іс-шараларды өткізу теориялық дайындықтың  тәжірибемен байланысын нығайтуға, студенттердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ заңнаманы сақтауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.

ҚАЕУ Кенжехатов Еділ Дидарұлына мазмұнды кездесуі және білім алушылармен кәсіби тәжірибесімен бөлісуге дайындығы үшін алғысын білдіреді.