Өскеменде «Ясауи оқулары» өтті
2026 жылғы 10 қарашада Өскемен қаласындағы А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын насихаттауға, оның шығармашылығы мен тағылымды ілімін тереңірек танытуға бағытталған «Ясауи оқулары» өтті. Танымдық іс-шараға Қазақстан-Американдық еркін университетінің «Педагогика және психология» кафедрасының оқытушылары Г.Б. Едильбаева, Қ.Т. Каирбаевалардың жетекшілігімен «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенттері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшыл, сопылық поэзияның көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығын зерделеу, оның рухани-адамгершілік мұрасының маңызын түсіндіру, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ олардың зерттеушілік және сыни ойлау қабілеттерін дамыту.
«Ясауи оқулары» студенттерге ұлы ойшылдың рухани мұрасын жан-жақты танып, оның адамгершілік қағидаларын қазіргі өмірмен сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар топтық жұмыс арқылы пікір алмасу, өз ойын еркін жеткізу, зерттеу нәтижелерін қорғау және сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын жетілдіруге ықпал етті.
Осындай танымдық кездесулер жастардың тарихи-мәдени мұраға деген құрметін арттырып, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды терең түсінуіне жол ашады.
Педагогика және психология кафедрасы




