Coursera платформасында онлайн оқыту мүмкіндіктері туралы презентация

2026 жылғы 02 Сәуірде Қазақстан-Американдық еркін университетінде Coursera платформасында онлайн-курстар мен жаппай ашық онлайн-курстардан (MOOC) өту мүмкіндіктеріне арналған  тұсаукесер өтті. Іс-шара 7М01701(2) «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының магистранттары үшін «Шет тіліндегі білім берудегі коммуникативтік – когнитивтік тәсіл» пәнін оқу шеңберінде ұйымдастырылды (аға оқытушы-Осколкова Анна Александровна).

Тұсаукесердің негізгі мақсаты заманауи Coursera білім беру платформасын пайдалана отырып, магистратурада білім алушылардың онлайн-оқытуға кеңінен қатысу  келешегін қарастыру болды. Кездесу барысында қатысушылар платформаның функционалдығымен, лингвистика, педагогика және сабақтас пәндер бойынша курстардың алуан түрлілігімен, сондай-ақ жетекші шетелдік университеттерден сертификаттар алу мүмкіндіктерімен танысты.

Оқытудың икемділігін, өзекті білім беру ресурстарына қол жеткізуді және білім беру траекториясын даралау мүмкіндігін қоса алғанда, MOOC артықшылықтарына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, онлайн-курстарды оқу үдерісіне интеграциялау және болашақ шет тілдері оқытушыларының кәсіби құзыреттілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Тұсаукесер магистранттардың қызығушылығын тудырды және олардың академиялық және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды қадам болды.

Шет тілдері кафедрасы