Шығыс Қазақстанда интернет-буллингтің алдын алу бойынша үздік жоба жасалды
Өскемендегі Қазақстан–Американдық университетінің студенттері IT саласы бойынша үздік жоба әзірледі. Оған шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы аталмыш жоғары оқу орнының 30-жылдығына орай өткен салтанатты шарада университеттің бірінші вице-президенті Жасұлан Байкенов кеңінен айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
“Біздің студенттердің IT жобасы интернет буллингтің алдын алуға бағытталып отыр. Үш білімгеріміз бірлесіп әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі агрессивті және күмәнді контентті нейрожелілер арқылы тани білетін Nortrom бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама онлайн-буллинг жайттарын анықтауға бағытталған және балалары интернетті белсенді пайдаланатын ата-аналар үшін маңызды құралға айналуы мүмкін. Біз жобаны ШҚО әкімі Ермек Көшербаевқа таныстырып қойдық, ол бағдарламаны пысықтап, осы саладағы жетекші мамандардың қатысуымен нақты уақыттағы жұмыс үшін платформа құруды ұсынды”, – деді Жасұлан Байкенов.
Айта кету керек, бүгінгі таңда өзге мемлекеттер осы жобаға қажетті қаражатты бөліп, іске асыруды ұсынып отыр.
Бүгін Қазақстан-Американдық еркін университетіне – 30 жыл. Ел егемендігін алып, «енді қайттік» деп тұрған елең-алаң шақта ертең үшін кідірмей жұмыс бастап кеткен аздаған азаматтар бар. Солардың бірі – химия ғылымдарының докторы, профессор Ережеп Әлхайырұлы екенін айта кету керек. Қазақстандағы білім саласын дамыту саласында әлі күнге аттан түспей келе жатқан, отыз жылдан астам уақыт ректорлық қызмет атқарған ардагердің арқасында бұл университет талай жетістікке қол жеткізді.
“Алғаш рет бұл жоғары оқу орны ашылғанда небәрі 25 студент пен төрт оқытушы ғана жұмыс істеді. Соған қарамастан университет мамандары қажырлы еңбек етіп, бүгінгі оң көрсеткіштерге ие болды”, – деп еске салды университеттің бірінші вице-президенті Жасұлан Байкенов.
Ажар Мұратқызы
Дереккөз: Altainews.kz