Сенбілік тек сенбімен шектелмейді

Өскеменде Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенттері мен оқытушылары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына өзгеше қарқын қосты. Олар экологиялық тазалық шараларын аптаның кез келген күнінде өткізуді дәстүрге айналдырған, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Университет аумағындағы ерекше аллеяның пайда болғанына биыл екі жыл толды. Бұл бақ – студенттердің төл туындысы. 2024 жылы жастар өз бастамаларымен университет маңына қарағай мен шырша көшеттерін отырғызған. Бүгінде бұл аумақ оқу орнының ғана емес, қаланың көрікті әрі жасыл желекті орындарының біріне айналып отыр.

Сенбілік тек сенбімен шектелмейді 2

ҚАЕУ ұжымы үшін «сенбілік» деген ұғым күнтізбеге байланбаған. Студенттер мен оқытушылар бос уақыттарында аллеяны күтіп-баптап, ағаштарды суарумен және оқу орнының аумағын қоқыстан тазартумен тұрақты айналысады.

Біз үшін бұл жай ғана тазалық шарасы емес, бұл – қоршаған ортаға деген шынайы жанашырлық пен жауапкершілік. Өз қолымызбен еккен ағаштардың бой көтеріп келе жатқанын көру – бізге үлкен мотивация береді, – дейді белсенді студенттер.

«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – халық арасында, әсіресе жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. ҚАЕУ-ліктердің бұл қадамы табиғатты қорғау науқандық жұмыс емес, күнделікті өмір салты болуы тиіс екенін айқын көрсетіп отыр.

Айта кетейік, университет әкімшілігі жастардың бұл бастамасын толықтай қолдап, қажетті құрал-сайманмен қамтамасыз етіп келеді.

Аймарал Шалабаева

Дереккөз: minut.kz