«Теңге және қаржы құқығы» зияткерлік-құқықтық викторинасы
2026 жылғы 17 қарашада Қазақстан-Американдық еркін университетінде «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері арасында «Қазақстан Республикасының қаржы құқығы» пәнін оқу аясында «Теңге және қаржы құқығы» зияткерлік-құқықтық викторинасы өтті.
Іс-шараны құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы А.С.Кенжебек білім алушылардың бойында заңдылық, жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық және азаматтық сана сияқты құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында өткізді.
Викторина мына бес кезеңнен тұрды: «Блиц-сауалнама», «Артығын тап», «Хронологияны қалпына келтір», «Сөз құрастыр» және «Заң зертханасы».
Тапсырмаларды орындау барысында студенттер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының пайда болу және даму тарихы, ақша жүйесінің құқықтық негіздері, Ұлттық Банктің өкілеттіктері, сондай-ақ қаржы және валюта заңнамасының негізгі ұғымдары туралы білімдерін көрсетті.
Теңгені енгізу хронологиясын қалпына келтіру, артық қаржылық-құқықтық ұғымды анықтау және ұсынылған әріптерден терминдер жасау тапсырмалары қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Викторинаның командалық форматы логикалық ойлауды, топта жұмыс істей білуді, жедел шешім қабылдауды және өз ұстанымын заңды түрде сауатты негіздеуді дамытуға ықпал етті.
Іс-шара студенттерге пән бойынша білімді интерактивті түрде бекітуге, қаржы құқығына қызығушылықты арттыруға және Қазақстан Республикасының экономикалық тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігінің маңызды элементі ретінде ұлттық валютаның мәнін түсінуді тереңдетуге мүмкіндік берді.
Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасы





