ҚАЕУ студенттері республикалық «Болашақ тергеушілер» форумына қатысты
2026 жылғы 10 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Болашақ тергеушілер» форумы өтті.
Республиканың барлық өңірінен жиналған жоғары оқу орындарының заң факультеттерінде білім алатын 300-ге жуық студент қатысқан іс-шара болашақ заңгерлердің кәсіби бағдарын айқындауға, тәжірибе алмасуына, ішкі істер органдарындағы қызметтің қыр-сырымен және құқық қорғау саласындағы заманауи мүмкіндіктермен танысуына бағытталды.
Қазақстан-Американдық еркін университетінің «Құқық және халықаралық қатынастар» кафедрасының «Құқықтану» және «Құқық және құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламаларының 4-курс білім алушылары А. Сексембай, Б. Аманғазин, Ж. Тұрсынова, А. Құрақбаева, Г. Мұхтарова форумға кафедраның PhD докторы, аға оқытушысы Р. А. Адильмуратованың жетекшілігімен қатысты.
Форумға дайындық барысында студенттер университет пен өздерінің кәсіби бағытын таныстыратын бейнематериал әзірледі. Іс-шара барысында олар лауазымды тұлғаларға сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ командалық таныстырылым арқылы өз оқу орнының әлеуеті мен кәсіби ұстанымдарын танытты.
Форум бағдарламасы аясында студенттер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталығына, криминалистикалық зертханаларға және ІІМ музейіне экскурсия жасап, құқық қорғау органдарының қызметімен, заманауи техникалық құралдармен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және «Арлан» арнайы техникасымен танысты.
Форумның мазмұнды бөлімдерінің бірі – тәжірибелі, кәсіби мамандармен кездесу болды, ҚР Ішкі істер министрлігі басшылығының, сот жүйесінің және құқық қорғау саласының өкілдерімен кездесіп, тәжірибелі мамандардың кәсіби кеңестерін тыңдады. Мұндай кездесулер студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, тергеуші мамандығының ерекшеліктері мен жауапкершілігін тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.
«Болашақ тергеушілер» форумы студенттердің кәсіби қызығушылығын арттырып, тәжірибе жинақтауына, командалық жұмыс дағдыларын дамытуына және болашақ маман ретінде қалыптасуына тың серпін берді.




