Қырғызстанның Заңгерлер күніне орайластырылғанII Конституциялық оқулар

26-28 маусымда Чолпон-Ата қаласында (Қырғыз Республикасы) «Адам құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктері: мүгедектігі бар адамдардың және халықтың өзге де әлеуметтік қорғалмаған санаттарының құқықтарын қамтамасыз етудің жалпы теориясы мен ерекшеліктері» тақырыбында II Конституциялық оқулар өтті.

Іс-шараға Қырғыз Республикасынан, Қазақстаннан, Ресей Федерациясынан, Беларусь Республикасынан, Өзбекстан Республикасынан, Қытай Халық Республикасынан және басқа елдерден 110-нан астам маман қатысты. Қатысушылар құқық үстемдігінің, адам құқықтарын қорғаудың, сондай-ақ инклюзивті сот төрелігін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Өкілдік форум жұмысына Қазақстан-Американдық еркін университеті (ҚАЕУ) заң клиникасының басшысы, құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы С.А. Мужчиль қатысты. Панельдік сессияда ол «Қазақстан Республикасында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау» тақырыбында баяндама жасады.

ІІ Конституциялық оқулар заңгерлердің, ғылыми қоғамдастық өкілдері мен тәжірибешілердің кәсіби диалогына арналған беделді халықаралық алаң мәртебесін тағы да растады. Форумды өткізу халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнама мен құқық қолдану  тәжірибесін жетілдіруге маңызды үлес қосты.

Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасы