Абай еліне саяхат
2026 жылдың 16–17 мамыр күндері Қазақстан-Американдық еркін университетінің Педагогика және психология кафедрасының Журналистика, Қазақ тілі мен әдебиеті, Дене шынықтыру және спорт мамандықтарының оқытушылары мен студенттері Абай, Мұхтар және Шәкәрім секілді ұлы тұлғалардың туған жеріне танымдық экскурсия жасап қайтты. Екі күнге созылған бұл сапар қатысушылардың рухани танымын кеңейтіп, тарихи орындармен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.
Экскурсияның алғашқы нүктесі – Семей қаласындағы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы болды. Мұражайда ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер көрсетіліп, Абай әлемінің терең мұрасы таныстырылды.
Одан кейін сапар Қарауыл ауылына қарай жалғасты. Жол бойында саяхаттаушы топ қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйіне арнайы аялдап, жазушының өмірі мен шығармашылық жолына қатысты мәліметтермен танысты. Сонымен қатар Күшікбай батыр мен Еңлік-Кебек ескерткіштерінің тарихына шолу жасалып, қазақ халқының рухани мұрасы кеңінен насихатталды.
Экскурсияның маңызды бөлігінің бірі – Жидебайға бару болды. Қазақ руханиятының киелі мекені саналатын бұл жерде ұлы Абайдың өмірі мен мұрасына қатысты тарихи орындар таныстырылып, қатысушылар ерекше әсер алды.
Танымдық сапар студенттердің тарихи-мәдени білімін арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды тереңірек түсінуге жол ашты.









