«Кітап оқитын ұлт» марафоны — рухани дамудың бастауы

«Кітап оқитын ұлт» марафоны – тек кітап оқуға шақыратын бастама ғана емес, сонымен қатар білімге құштар, ойы озық, рухани бай ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. Марафонның мақсаты — жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыру және білім мен рухани дамудың қайнар көзі саналатын кітаптың құндылығын дәріптеу.

Осыған орай, университетте 2026 жылдың 23 қазанында  «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1–4 курс студенттері аға оқытушы Г.Б.Едильбаеваның жетекшілігімен «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысып, кітап оқудың маңыздылығын насихаттауға өз үлестерін қосты.

Ақын, аудармашы Саят Қамшыгердің аударған «Тастамашы, ана» шығармасы бойынша  ой  бөлісіп, кітаптың адам дүниетанымын кеңейтудегі, ой-өрісін дамытудағы және рухани байлығын арттырудағы рөлі туралы пікір алмасты. Шараның барысында ұйымдастырылған «Анаға бір ауыз сөз» интерактивті ойыны қатысушыларға анасына арнап жүрекжарды тілектерін жазуға мүмкіндік берді.

Шара соңында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенттері «МЕН ҰСЫНАТЫН КІТАП» челленджін бастап, оны ары қарай жалғастыру мақсатында  «Журналистика» білім беру бағдарламасының студенттеріне Санжар Керімбайдың «Бейсен және Болмыс» кітабын оқып, талдауға ұсыныс жасады.

Кітап оқу арқылы жастардың бойында ізденімпаздық, адамгершілік пен шығармашылық қабілеттер қалыптасып, ұлттық құндылықтарға деген құрметі арта түседі. Университетімізде өткен осындай игі бастамалар білім алушылардың оқу мәдениетін дамытуға және кітапты өмірлік серікке айналдыруға өз үлесін қосады деген сенімдеміз.

«Педагогика және психология» кафедрасы