Шекарасыз байланыс
Қазақстан-Американдық еркін университеті Co-serve International ұйымымен бірлесіп, Тайланд, АҚШ, Ауғанстан, Қазақстан және Филиппин елдерінің студенттері үшін Халықаралық көшбасшылық
академиясын өткізді.
Екі апта бойы академия мүшелері өңірдегі ірі ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларымен, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары көшбасшылармен кездесті.
Қазақстан-Американдық еркін университетінің вице-президенті Жасұлан Байкеновтің айтуынша, Co-serve International ұйымымен ынтымақтастықта құрылған «Халықаралық көшбасшылық» бағдарламасы Портланд, Орегон және Қазақстан-Американдық еркін университетін байланыстырады.
– Бұл бағдарлама көшбасшылықтың жаңа тәсілдерін үйрету мақсатында құрылған. Ол біздің студенттерге, магистранттар мен докторанттарға көшбасшылық әлеуетін арттыруға, мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Университет жұмыс істеген 29 жылдың
ішінде «Халықаралық көшбасшылық» бағдарламасы бойынша 700-ден астам студент пен магистрант оқудан өтті, – деді Жасұлан Байкенов.
Университеттің вице-президенті, Co-Serve International директоры Дэниел Бэлластің (суретте) сөзінше, бұл бағдарлама жастардың ағылшын тілін жетілдіріп, оларды шетелдік серіктестермен және компаниялармен таныстырып, жұмыс табуына да көмектеседі.
Конференция студенттердің «Көшбасшылық академиясы-2023» барысында алған білімдерімен, тәжірибелерімен алмасу алаңына айналды.
Әр қатысушы өз жұмыс нәтижелерін ұсынып, әлемнің түрлі еліндегі көшбасшылық тәжірибесіне тоқталды. Ауғанстаннан Шабир Джахангир мен Бехишта Азизи, Филиппиннен Дина Бэлласт, Тайландтан Чутимапонграт Панупонг, Қазақстаннан Аяулым Бақтиярова мен Дмитрий Воробьев «Тиімді көшбасшылық» тақырыбында баяндама жасады.
Ауғанстаннан келген төрт түлекке Қазақстан-Американдық еркін университетінің магистратурасын аяқтағаны туралы американдық дипломдар берілді. Сондай-ақ студенттерге экскурсияларды, сапарлар мен кездесулерді ұйымдастырған ұйымдар мен кәсіпорындарға Алғыс хаттар, көшбасшылық академиясына қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.
Шара барысында шетелдік студенттер «Даму» қорында, қалалық балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, «Халифа Алтай» мешітінде, «Ана үйі» қоғамдық қорының Өскемен филиалында болды және «Friends» кофеханасының иесі Мирас Базарбековпен кездесті. Сонымен қатар облыстық кітапханада болып, American Corner волонтерлік қызметімен танысты. Мичиган университетінің профессоры Дуглас Хартманның медиа сауаттылық семинарына қатысты.
– Бағдарлама барысында біз әлеуметтік жауапты көшбасшылық және көшбасшы болудың жолдары
жайлы көп нәрсені үйрендік, – дейді Ауғанстаннан келген қатысушы Свита Шерзай.
Бетті әзірлеген ‑ Айжанат Бақытқызы
Дереккөз — «Дидар»газеті