Жырмен өрілген рух: Көркем сөз шеберлері анықталды

2026 жылдың 23 сәуірінде Қазақстан-Американдық еркін университетінде Шығыс Қазақстан облысы колледждері арасында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым Аймұхамбет Жанат Әскербекқызы шығармашылығына арналған көркем сөз оқу шеберлері байқауы өтті.

Байқаудың басты мақсаты – жастар арасында қазақ поэзиясына деген қызығушылықты арттыру, көркем сөз оқу мәдениетін қалыптастыру және дарынды білім алушыларды анықтау. Қатысушылар ақын шығармаларын мәнерлеп оқып, өздерінің сахналық шеберліктерін, тіл тазалығы мен көркемдік талғамын көрсетті.

Сайыс 2 кезеңнен тұрды: 1-кезең – көркем сөз оқу;2-кезең – зияткерлік кезең.

Қатысушылар екі кезең бойынша өз білімдері мен өнерлерін жан-жақты көрсетіп, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Әрбір орындау көрерменге ерекше әсер қалдырып, поэзияның терең мазмұнын ашуға мүмкіндік берді.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар келесідей марапатталды:

• I орын – «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» КЕАҚ Жоғары колледжінің студенті Айдынова Арна – Қазақстан-Американдық еркін университеті Президентінің Гранты иегері;

• II орын – «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» КЕАҚ Жоғары колледжінің студенті Алтанбагна Айсулу – ҚАЕУ-де оқу ақысына 50% жеңілдік;

• III орын – ҚАЕУ Жоғары колледжінің студенті Оразаева Томирис Ерболатовна – ҚАЕУ-де оқу ақысына 30% жеңілдік.

Осындай рухани-танымдық шаралар жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін нығайтуға зор ықпал етеді.

Педагогика және психология кафедрасы