ҚАЕУ өкілдерінің «Білім берудегі көшбасшылық» бағдарламасына қатысуы

2024 жылдың 11-15 наурызы аралығында Академиялық саясат департаментінің директоры, философия докторы (PhD) А.М.Мұқажанова және Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ә.Н.Нұрланова Назарбаев университетінде «Педагогикалық білім беру моделін іске асыру және оның мазмұнын күшейту» жобасы шеңберінде «Білім берудегі көшбасшылық» курсынан өтті.

Дүниежүзілік Банктің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және HAMK және JAMK (Финляндия) университеттерінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында ЖОО қызметкерлері мен ауыл мектептерінің директорлары үшін осы бағдарламаны қоса алғанда, бірқатар курстар өткізілуде.

Бағдарлама білім берудегі көшбасшылық құзыреттіліктерді дамытуға бағытталған. Тыңдаушылар білім берудегі соңғы тенденциялар туралы білім алады, инновациялық идеялар мен тәсілдерді қалыптастыруды, жаңа технологияларды қолдануды, болашаққа деген көзқарасты дамытуды және нәтижеге бағдарлану мәселелерін шешуді үйренеді.

Оқыту 72 академиялық сағаттан тұрады және гибридтік форматта жүргізіледі. Ол онлайн сессияларды, халықаралық және жергілікті сарапшылардың қатысуымен Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде бір апталық қарқынды офлайн тренингті, сондай-ақ тәлімгерлік бойынша сессияларды қамтиды. Оқыту әдістері тыңдаушыларды бірлесіп оқыту процесіне белсенді тартуға және жаңа педагогикалық қағидаттарды жалпы түсінуді дамытуға бағытталған.