«Шәкерім шыңы» дөңгелек үстел

3 қазан күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ақын, ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай «Шәкерім шыңы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел отырысына Шәкәрім шығармашылығын зерделеп жүрген кітапхана оқырманы Замирбек Нұралыұлы Уалханов, ұлағатты ұстаз, ҚР Ағарту ісінің озаты Қатиза Байбазарқызы Сарипова, Қазақстан-Американдық еркін университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті, Журналистика мамандығының студенттері, кітапханашылар қатысты. 

Дөңгелек үстелдің тізгінін ұстаған кітапханашы Зиза Мұхтарханқызы Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына талдау жасай келіп, сүйегі 30 жыл бойы құрқұдықта жатқан ұлы  ойшыл бабамыз туралы түсірілген документальді фильмнен үзіндіні оқырман назарына ұсынды.

 Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына тоқталған Қатиза Байбазарқызы  оның артында қалған мол мұрасымен, өскен ортасына, ұлттық философиямыздың дамуына қосқан зор үлесіне тоқталды. Ақын өмірінен тың деректер келтірді.

 Замирбек Уалханұлы Шәкерім Құдайбердіұлы  өмір сүрген дәуірдің бет –бейнесін, тарихи тағлымын, болашаққа қарай бет алған терең де қарама-қайшылыққа толы идеяларына тоқталып, ұлы ойшылдың күні бүгін өзекті  болып отырған әдеби мұрасын сөз етті. Шәкәрімнің поэзиясынан цитата оқи отырып түсініктеме бере кеткен Замирбек Нұралыұының сөздері жастарға үлкен ой салып, ақынның шығармашылығына қызығушылықтарын туғызғаны анық. Студенттер өз пікірлерін ортаға салып, көкейдегі жүрген сұрақтарына жауап алды. 3 курс студенті Самғар Жарқынбек бүгінгі кездесуден  үлкен тағылым, өнегелі тәрбие алғандығын айтып, кездесу қонақтарына алғысын білдірді.

«Педагогика және психология» кафедрасы