«Coding Skills» бағдарламалау бойынша VII өңірлік олимпиада

2024 жылғы 29 наурызда Қазақстан-Американдық еркін университеті Oskemen IT-Hub-пен бірлесіп Coding Skills бағдарламалау бойынша VII өңірлік олимпиада өткізді!

Аталған іс-шараның мақсаты – ТжКБ ұйымдарының білім алушылары арасында зияткерлік жарыстарға қоғамның назарын аудару, зияткерлік көшбасшылық пен командалық рухты дәріптеу, дарынды жастардың кәсіби деңгейін арттыру, ШҚО ақпараттық технологиялар саласын дамыту, сондай-ақ бағдарламалаудағы  тәжірибелік дағдыларды тексеру және қойылған міндеттерді шешуге шығармашылық көзқарасты дамыту.

Олимпиадаға келесі колледждер қатысты:

1. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары IT колледжі. 

2. Өскемен экономика және қаржы колледжі;

3. Құмаш Нұрғалиев атындағы Жоғары колледж;

4. Абай атындағы Шығыс гуманитарлық колледжі;

5. ШҚО ББ «Өскемен қызмет көрсету саласы колледжі» КММ

6. «Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжі» мекемесі

Олимпиада бағдарламасы 2 турды қамтыды: I тур – «Тестілеу», II тур – «Бағдарламалау бойынша есептерді шешу».

I тур. Қатысушылар «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша тестілеуден өтті. Олимпиаданың екінші турына 1 турдан сәтті өткен және тестілеуден ең жоғары балл жинаған 13 қатысушы жіберілді.

II тур. Білім алушыларға әртүрлі күрделіліктегі бағдарламалау бойынша 5 тапсырма ұсынылды. Жеңіл санатынан 2 тапсырма, күрделілігі орташа санаттан 2 тапсырма және күрделі санаттан 1 тапсырма. Осы  тапсырмаларды шешуге білім алушыларға 2,5 сағат уақыт берілді. Бағдарламалау тілі шектелмеді, оқушылар бағдарламалау тілдерінің қайсысын қолданатынын өздері таңдады.

Шығыс Қазақстан облысы ТжКБ ұйымдарының білім алушылары арасында «Coding Skills» бағдарламалау бойынша VII өңірлік олимпиадасының нәтижелері бойынша бірінші дәрежелі дипломмен және бизнес кафедрасының білім беру бағдарламалары бойынша 30% жеңілдікпен оқуға сертификатпен Рыбалкин Владислав, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары IT колледжі марапатталды. 

Екінші дәрежелі дипломмен және бизнес кафедрасының білім беру бағдарламалары бойынша 20% жеңілдікпен оқуға сертификатпен Бондарчук Михаил, «Өскемен экономика және қаржы колледжі» ЖШС марапатталды.

Үшінші дәрежелі дипломмен және бизнес кафедрасының білім беру бағдарламалары бойынша 10% жеңілдікпен оқуға сертификатпен  Мақсат Айылбеков, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары IT колледжі марапатталды. 

Барлық қатысушыларға алдағы уақытта да жеңістер тілейміз!